Қазақстанда Балалар жылы аясында өлкеміздің дарынды балаларына арналған «Маленькие таланты» жобасы жыл көлемінде іске асырылады. Ол 6-14 жас аралығындағы дарынды балалармен кездесу циклін құрайды. Наурыз айында өткізілген кездесудің алғашқы қонағы дарынды қабілетімен көзге түсіп, өте ақылды бала атанып жүрген Өскемен қаласы білім бөлімінің «№48 мектеп-қосымша білім беру орталығы» КММ 4-сынып оқушысы Әбілмансұр Алмазұлы өз қызығушылығымен, болашақтағы арман-мақсаттарымен бөлісті. Сабақты тек «үздік» бағаға оқитын кішкентай оқырманымыз домбыра, шахмат, логикалық математика үйірмелеріне, мектеп қабырғасында өтетін барлық іс-шараларға қатысады екен. Тарихқа жаны жақын 9 жасар Әбілмансұр І.Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи эпопеясын оқыған, Абылай ханды өзіне пір тұтады. Көрермендерге М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын, М.Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңін жатқа оқып берді. Кубизм әдісі бойынша кішкентай оқырмандарымыз танымды сұрақтарға жауап берді. Кездесу соңында алғашқы жұлдызымызға кітап сыйға беріліп, «Ұлан» республикалық газетіне мақала ұсынылды.
Әбілмансұр Алмазұлы
