ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасы «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» аясында Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының Жастар труппасымен бірге «КІТАПХАНА + ТЕАТР» ауқымды жобасын жүзеге асыруда.
Осы жоба аясында оқырмандардың жазғы демалыстары «Маугли» қуыршақ ертегісінің сахналық қойылымын тамашалаумен басталды. Театрға келушілердің алғашқы қадамы жуырда іске қосылған отандық «Аshyq» бағдарламасының көмегімен QR кодын сканерлеуден басталды.
Көрермендер мен оқырмандарға арнап театр фойесінде ұйымдастырылған кітап көрмесінде шығысқазақстандық қаламгерлердің туындылары ұсынылды. Балаларға арналған әртүрлі тақырыптардағы тамаша оқиғаларға толы ертегілер, өлеңдер жинағы, танымдық журналдар кішкентай оқырмандар мен ата-аналардың назарынан тыс қалмады.
Сондай-ақ, қойылымды тамашалауға келген бүлдіршіндерге кітапхана атынан әртүрлі кітаптар сыйға беріліп, бірлесе кітап оқуға шақырдық. Театр актерларымен жүздесу мүмкіндігіне ие болып, естелік суреттерге түскен балалар кітаптағы оқиғалардың сахналық нұсқасын көрудің әсері бөлек екендігін айтып, өз ойларымен бөлісті.
Балаларды кітап оқуға шақыратын мұндай ауқымды жобалар жиі ұйымдастырылып, алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Қымбатты оқырмандар, «КІТАПХАНА + ТЕАТР» жобасы өз жалғасын табуда. Аталмыш жоба аясында кітапхана оқырмандарымен бірге «Қасқыр шөп жей ме?» қуыршақ ертегісін тамашалап қайттық. Бүгінгі қойылымның ерекшелігі – кітапхана қызметкерлері көпбалалы аналарға қойылымға кіру билетін сыйға беріп, мереке қарсаңында балаларға тамаша көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, театр көрермендері мен оқырмандарға арнап әртүрлі жанрдағы ертегі кітаптар көрмесі таныстырылып, балалар ертегі кейіпкерлерінің қолынан қызықты кітаптарды сыйға алды.