Дарынды балақай

Ибағат Серікболқызы

Ибағат Серікболқызы

***

Білесіз бе, сізді ойлап таң атырам.

Арманмен оянамын жаңа туған.

Сіз сезбейтін тұншыққан жан сырымды

Жүрегімнің түбіне сала тұрам.

 

Ал сіз мені кінәлап үнсіз дейсіз.

Менде жатқан сезімді дым сезбейсіз.

Әлде, аға, расымен біле тұра,

Әдейі білмегендей жүргендейсіз.

 

Білесіз бе?

Сіз жоқ жерде далада күз сүреңсіз.

Қыз жанын білсеңіз, сіз білерсіз 

Айқайлап айталмайтын ғашықтығын,

Жаны нәзік жанмын ғой кешірерсіз.

 

***

Сап-сары дала, мен де азат сары қыз.

Айналып кепті-ау, сүп-сүйкімді сары күз.

Жапырақ жерде, мендегі көңіл көктерде.

Деп тұрғандай-ақ өкінбе мүлде өткенге.

 

Далаға ғашық, қалаға ғашық керемет,

Жүргендей күзде желімен бірге жебелеп.

Арманым бірге ұшып барардай көктерге,

Шексіздігі жоқ жетелердей боп шеттерге.

Орындалардай болып ед, биыл барлығы,

Сол үшін күткем Күз келсе ғой деп Көктемде…

 

***

Алшақтық мені  саған барғызбады,

Қалғандаймын, қорғаусыз жалғыз тағы.

Бір ауыз сөз айтам деп едім саған, күнім,

Есіңде болса өткеннің елес табы.

 

Асылып еркелеуші ем есіңде ме?

Даланың қандай суық кешінде де.

Мен үшін шыдаушы едің барлығына,

Арамызға түскені-ай, кесір кеме…

 

Айтпаймын енді саған сыр ақтарып,

Сені туралы естімеймін құлақ түріп.

Сен де мүмкін кетерсің аулақ менен,

Мен де келін атанам, құрақ тігіп…

 

Сені сондай жек көремін сені білесің бе?!

Маған қайрат берген құдай күресуге.

Махаббатың жолы жеңіл деп ойлаған,

Бала кезім екен ғой,  жүр есімде…

 

Саған айтар жай ғана бар құпия,

Жүрегіңде білем жатыр түрлі сия.

Өмірде жақсы жанның бірін бүгін,

Алла берді махаббатпен маған қия.

 

Сен бермеген  жылуды сездім содан.

Не жазса да тағдырым, төздім соған.

Жаңа парақ ашылды әлемімде,

Енді артық керегі жоқ сөздің маған.

 

                     Сіңіліме

Жүректі қайғы тербейді түн жамылып, 

Сала алмадым  санамдағы  мұңға құлып.

Күліп тұрад сенің жүзің жұмсам көзді,

Сондай  тәтті болар ма еді сенде қылық.

 

Жаймен құлап барады жанардан жас,

Жан едім ғой артыма алаңдамас.

Жүгіріп шықсаң ойнауға сен алаңға,

Мен жүремін қайғыға болумен  мас.

 

Баламенен сынамасын деуші еді атам,

Сынады ғой тағдырға бар ма еді, шарам.

Тәй-тәй басқан қадамыңды санаушы едік,

Жүгірсем де  жете алмай қалдым саған…

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған