Балалар әдебиеті – ең ұлы әдебиет

Балалар әдебиеті – ең ұлы әдебиет

        14 мамыр күні ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасында шығысқазақстандық қаламгерлермен және Өскемен қаласындағы баспагерлермен «Балалар әдебиеті – ең ұлы әдебиет» атты әдеби кездесу өтті. Кездесу барысында «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылына» ұсыныстар айтылып, жоспарлар құрылды. Бұл игі шараға қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы, ақын Қалқаман Сарин мен қалалық маслихат депутаты, ақын, драматург Әскерхан Ақтай сынды аға буын ақындар қатысып, жастарға бағыт-бағдар көрсетіп, кітапхана бастамасын әрқашан қолдауға дайын екендігін жеткізді. Қазақстан Жазушылар Одағының Семей қалалық филиалының төрағасы, ақын Мерей Қарт та Семейдегі жыр тізгінін ұстап жүрген жас қаламгерлерді осы шараға жұмылдырып, кітапханамыздың әр бастамасына қолдау білдіретіндігін айтты. Сондай-ақ, облыстық «Дидар» газетінің тілшісі, ақын Қызырбек Дүргінбайұлы ақпараттық қолдау көрсетіп, аталмыш игі шараның халық көпшілікке дер кезінде жетуіне үлес қосатындығын айтты.

Кездесуге келген ақындар алдағы уақытта балаларға арнап олардың жанына жақын, тақырыбы мен мазмұны заманауи әрі тілге жеңіл өлеңдер топтамасын жазып, ұсынатындығын айтты.

ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасы жергілікті баспагерлермен бірлесіп ақындардың қаламынан туған жаңа, балғын өлеңдер мен ертегілерді бір жинаққа топтастырып, антология түрінде басып шығаруды жоспарлап отыр.

Күн тәртібіндегі алға қойылған тағы бір мәселе – әлем әдебиетіндегі балаларға арналған көркем туындылардың қазақ тілінде сөйлеуіне аз да болсын жағдай жасау. Бұл мақсатты жалау еткен шығысқазақстандық жас ақындар аударма саласына да бет бұрып көрмек… Ендеше, іске сәт!

Алдағы уақытта қаламгерлер ай сайын кітапхана төрінде бас қосып, пікір алмасып, жаңалықтарымен бөлісіп отыратын болады.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған